"Қостанай таңы" 07.01.2014 ж Басты мақсат -сөт төрелігі жүйесін дамыту

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Басты мақсат – сот төрелігі жүйесін дамыту

Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы судьяларының VI Съезінде Елбасы қойған тапсырмалардың бірі – сот төрелігі жүйесін дамыту болатын.

Қазақстандық Фемида экономикада алдағы кезеңде болатын үлкен өзгерістерге толық дайын болуы керек. Қазақстандық сот қоғамдастығы уақыттың кез келген сын-қатерінен биікте болуы тиіс. Ол қазірдің өзінде жаһандық юриспруденцияда болып жатқан және болашақта болатын сот-құқық инновацияларына ашық әрі қабілетті болуы тиіс.

Соттар қызметінің заңнамалық және іс жүргізу нормаларын жүйелі түрде жетілдіру маңызды. Жаңа қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің жобалары қазірдің өзінде дайындалып қойды. Онда соттардың жаңа құзыреті, соның ішінде сот жүргізудің жеңілдетілген жаңа тәртібі қарастырылған. Сот бақылауы мен сот тексеруі барысындағы судьялар өкілдіктерінің аясы кеңеюде. Әрине, ізгілендіру жүріп жатыр, бірақ ол мақсат емес, ең бастысы, біз босаңсып кетпеуіміз керек. Тиянақты қарау керек. Бұл кодекстердің тезірек қабылдануы мен жүзеге асуы қылмыстық сот төрелігінің сапасы мен жеделдігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ, азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту керек. Сот шешімдерін қайта қарауды талап ететін жағдайларды айырып, шектейтін заңмен негізделген әдістемені әзірлеп, енгізген жөн. Барлық соттар жаңа заңнама жағдайындағы жұмысқа дайын болуға, істі жедел, заңды және әділ қарауды қамтамасыз етуге тиіс.

Бүгінгі таңда, ең алдымен, сот төрелігі жүйесінің даму әлеуметін көру, ондағы проблемаларға сын көзбен қарап, дер кезінде шешу маңызды.

Қазақстандағы сот өндірісі әзірге негізсіз ұзақ және формалды сипатқа ие. Сондықтан сот төрелігін атқару тәртібі мен ережелері біртіндеп жаңғыртуды қажет етеді. Сот өндірісінде ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс жасау қажет.

Соттардың мамандануын дамыту бөлігінде біз әлі жолдың басында тұрмыз. Тергеу судьялары институтын енгізу сотқа дейінгі өндірісті бақылаудағы соттардың рөлін арттырады. Жаңадан мақұлданғалы тұрған қылмыстық іс-жүргізу және өзге кодекстерде бұл мәселе шешімін таппақ. Оған қоса, сот санкция беретін тергеу әрекеттерінің аясы кеңейді. Қазір сондай-ақ алқа билер сотының қызметінде белсенді практикалық тәжірибе жинау да маңызды.

Міне, осы толықтырулардың барлығы тәуелсіз еліміздің сот жүйесін жаңғыртумен қатар, демократиялық ұстанымға жаңаша бағыт әкелуге жол ашады.

Айжан Көлбаева,

Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.

Тэгтар: