"Қостанай таңы" газеті 26.02.2014 ж Ұлттық идеямыз-Мәңгілік ел!

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Ұлттық идеямыз – Мәңгілік Ел!
 

Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауын Қазақстандықтар үлкен үмітпен асыға күтеді. Президентіміздің әрбір Жолдауы болашаққа деген нық сенімді орнықтырып қана қоймай, еліміздің болашағының жарқын екенін одан әрі дәлелдей түсуде. ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Мен әлемнің елдері арасындағы отанымыздың лайықты болашағы ғана қазақстандықтарды мәңгілікке біріктіретіне сенімдімін», - деп атап көрсетті. Сонымен қатар елбасымыз өз Жолдауында сот жүйесіне де үлкен көңіл бөлді. Жолдауда айтылған негізгі мәселелердің бірі сот жүйесі іс жүзінде ашық және қол жетімді болуы қажет деп атап көрсетіп, барлық дауларды жылдам шешу керек деп айтты. Сол арқылы халықтың сотқа деген сенімін артуына ықпал ететін болады.

Елбасы өз Жолдауында «Мәңгілік ел» идеясы – жаңғыруымыздың түпқазығы екенін атап көрсетті. Ол заң тілімен сипаттағанда конституциямыздың мызғымастығын, заңдарымыздың бәсекеге қабілетті елдің тұғырына сай болуын, адамның құқықтары мен заңды мүдделерінің сенімді кепілі сот билігінің асқақтығын, бәрінен де жоғары болуын да меңзейді.

         Мемлекетіміздің сот жүйесі заман талабына сай дамып келеді. Соттар ізгілік және бітімгершілік жолдарын ұстана отырып барған сайын адамды тәрбиелеуші, дауаларды бітістіруші, қоғамды ұйыстырушы сипатқа ие бола түсуде. Сол себепті де қылмыстық процестерде барынша заңның бітімгершілік нормаларын қолдану жағы жіті қадағаланып келеді. Оған нақты мысал, қылмыстық істерді қарау барсында Медиация туралы заңының кеңінен қолданылуын жатқызуымызға болады.

         Елбасымыз өз Жолдауында атап өткендей, заң алдындағы тепе-теңдік – құқықтық тәртіптің негізі болуы керек. Құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлері жұмыс сапасын көтеріп, өздерінің жоғары кәсібилігі мен мінсіз тәртібімен халық игілігін арттыруға, сонымен қатар, елімізде әділдік пен заңның үстемдік етуі және жоғары құқықтық мәдениет салтанат құруы үшін қызмет етулері тиіс. Сондықтан да, сот жүйесінің қызметкерлері өздерінің күнделікті жұмыстарында Жолдаудың басты бағыттарын әрқашан басты назарда ұстауы керек деп ойлаймын.

Ұлттық идеямыз – Мәңгілік Ел! Бұл бабаларымыздың арманы. Енді әрбір қазақстандықтың басты мақсаты – қазақстандық патриотизмді ту ете отырып алға ұмтылу, еңбек ету, Елбасының жанына топтасып ел болашағының одан да жарқын болуына өз үлесімізді қосу.

 

С.ТАЖКЕНОВ

Қостанай облысы Жангелдин

аудандық сотының төрағасы