"Заң" газеті 19.03.2014 ж Төраға тұрғындар сауалына жауап берді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Жуырда Қостанай облыстық сотында «Ашық есік» күні өтті. Бұл шараның басты мақсаты – аза­маттарды толғандырып жүрген мәселелерге сот тарапынан толыққанды жауап беру. Аталған шараға Қостанай облыстық сотының төрағасы Ғ.Мырзаке және алқа төрағалары У.Қошанов, Д.Шипп және «Қостанай облыстық сотының кеңсесі» ММ-нің басшысы Н.Қатарбеков қатысты.
«Ашық есік» күніне келген әр азаматқа сот төрағасы көңіл бөліп, жеткілікті әрі түсінікті жауап бере білді. Мәселен, өз мәселесімен келген азамат К.Остапенко жуырда Қостанай қаласы №2 сотында өткен қылмыстық іске тоқталды. Онда өзіне оқ атқан бұрынғы досы О.Слеповқа қатысты қылмыстық іс қаралған болатын, соның нәтижесінде К.Остапенко аяқ жарақатын алған. Іс қоғамдық пікір туғызып, БАҚ-та көрініс тапқан болатын. Жәбірленушінің пікірі бойынша, сот үкімі бойынша сотталушыға небәрі 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілген және сұраған 5 000 000 теңге моральдық зиян орнына сот тек 600 000 теңге өндірген. Жәбірленуші соттан әрі қарай не істеу керектігін айтып, кеңес сұрады. Өз кезегінде сот төрағасы Ғ.Мырзаке: «Сот үкімімен келіспесеңіз, заңда көр­сетілген мерзімде Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына шағым келтіруге құқығыңыз бар», – деп жауап берді.
Ал, С.Рамазанов азаматтарға қажетті мұндай шараның өткізіліп жатқанына судьяларға алғысын білдірді. Ол «Қостанай-Су» МКК еңбек міндеттерін орындау барысында ұлы қайтыс болған Н.Кобылянскаяның өкілі екенін айтып, баласынан айырылған, жалғызбасты зейнеткердің жағдайын сөз етті. Алтынсарин аудандық сотына талап арыз беріп, шығарылған шешімге көңілдері толмаған соң апелляциялық сатыда шағым келтіргенін, алайда, ол өзгеріссіз қалдырылғанын жеткізді. Төраға өкілге кассациялық тәртіпте шағым беруге құқығы барын айтты.
Келген азаматтардың сұрақтары әртүрлі, негізінен, жер мен пәтер мәселелеріне қатысты болды. Судьялар барлығына бірдей көңіл бөліп, әр көтерген мәселеге толық көлемде түсініктеме бере білді.
Қостанай облыстық соты «Ашық есік» күнін тоқсанына бір рет, ал, Қостанай облыстық сотының төрағасы Ғ.Мырзаке әр дүйсенбіде азаматтарды жеке қабылдауын өткізеді. Осындай үздіксіз өткізілген шаралардың нәтижесінде қазір сот ісіне қатысты түсінбеушіліктердің, судьялардың үстінен түсетін арыздардың азайғанын айта кеткен жөн.

Қостанай облыстық сотының
баспасөз қызметі