"Заң" газеті 23.04.2014 ж Электрондық арыз беруден артта қалып келеміз

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Жуырда Қостанай облысы Жітіқара аудандық сотында «Электрондық үкімет» порталы арқылы құжаттар мен талап арыздарды қабылдау тәртібін талқылаған жиын өтті. Іс-шараға Жітіқара ауданы мемлекеттік органдарының қызметкерлері және қала мен ауданның коммуналдық қызмет өкілдері қатысты. Жиынды ашқан сот төрағасы Н.Бекишев 2012 жылғы 11қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының өкімімен электронды талап арыздар мен басқа да электронды құжаттарды қабылдау туралы нұсқаулықтың бекітілгенін айтып, жаңа бастаманың бүгінгі қолданылуына тоқталды.

Бүгінгі таңда ҚР соттарына «электрондық үкімет» порталы арқылы жүздеген арыздар түсуде. Алайда, Жітіқара ауданында аталған қызметті пайдаланып, арыз бергендер жоқ. Бұл жергілікті тұрғындардың оң бастамадан әлі хабарсыздығын, оның уақыт пен қаржыны үнемдейтін артықшылықтарын білмейтіндігін көрсетеді. Сот кеңсесінің меңгерушісі Ж.Айжанова жиналғандарға көрнекі түрде egov.kz. арқылы талапты беру тәртібін көрсетті. Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысқан қонақтардың сұрақтарына толық жауап берді. Жалпы, кездесуге жиналғандардың барлығы интернет арқылы талап арыз беру – мемлекетіміз бет алған ілгерілеу мен инновациялық дамудың тетігі екенін айтып, оны жетілдіруге көп болып атсалысатындарын жеткізді. Сондай-ақ, талап арызды берудің мұндай түрі талапкерге ғана емес, сотқа да ыңғайлы. Өйткені, барлық өтініштер автоматты түрде бірыңғай базада сақталады, шағым не басқа мәселені болдырмайды. Және электрондық формат талап берген азаматтарға істің қаралу процесін қадағалауға мүмкіндік береді.

Жітіқара аудандық соты