"Заң" газеті 26.02.2014 ж. Сот жүйесі жаңа судьялармен толықты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНДА

Қостанай облыстық сотының жалпы отырысында жаңадан тағайындалған жас судьялардың ант қабылдау рәсімі өтті.
Онда ел Президентінің Жарлығына сәйкес жаңадан тағайындалған Қостанай қалалық сотының судьялары Азамат Болатұлы, Мәншүк Дюсупова, Толқын Жолкенова, Аман Сармульдинов, Қостанай аудандық сотының судьясы Сұлтан Төкенов, Лисаков қалалық сотының судьясы Нұрлан Сарсенбаев мiндеттерiн адал және абыройлы атқаруға, сот төрелiгiн ел Конституциясы мен заңдарына ғана бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретiндегi борышы мiндеттегендей бейтарап және әдiл болуға салтанатты түрде ант қабылдады. Облыстық сот төрағасы Ғ.Мырзаке қызметіне жаңадан тағайындалғандарды құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қанатты сөздермен сөзін бастаған сот жүйесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Жармұхамедов: «Сіздерге сот төрелігін атқару, адам тағдырын шешу сеніп тапсырылып отыр, заң алдында, қоғам алдында, ар-ождандарыңыздың алдында адал болып, таза жұмыс істеңіздер, тәжірибе өз кезегімен келеді», – деп жас судьяларға ақ жол тіледі.
Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы У.Қошанов: «Судья болу үлкен абырой, үлкен бақыт, өздеріңді сотқа ақиқат іздеп келген адамның абыройын қорғауға жаралдым деп есептеңіздер. Сот жүйесі ардагерлерінен үлгі алып, заң шеңберінен аспай, әділдік пен парасаттылықты ұштастыра жұмыс жасаңыздар», – деген тілегін білдірді.
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі