Қостанай облыстық сотының төрағасы А.Мерғалиев облыс тұрғындарымен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев кезекті «Ашық есік күнін» өткізді. Іс-шараның өткізілетіндігі туралы хабарландыру алдын ала облыстық соттың Интернет ресурсында жарияланған болатын.

«Ашық есік күніне» сот төрелігін жүргізуге қатысты түрлі сауалдарымен төрт азамат келді. Төраға қабылдауында ҚР ҚК 345-бабы 3-тармағы бойынша (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу)  сотталған азамат Вячеслав Урсан болды. Ол 2015 жылдың қарашасында Қостанайда жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтпек болған зейнеткерді көлікпен соққан. Сот үкімімен айыпты деп танылған В.Урсан жуырда  рақымшылық бойынша жазадан босатылды. Негізгі  жазамен қатар оған ол сот үкімімен 2 миллион теңге моральдық залал төлеуге міндеттелген.

Азаматқа қолдау көрсету үшін онымен ағасы бірге келген. Олар төрағадан заңды күшіне енген сот үкімін қайта қарау мүмкіндігін сұрады. Асламбек Амангелдіұлы жаза түрімен және азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен залалды өндірумен келіспеген жағдайда Бас прокуратураға жүгінуге кеңес берді. Себебі өзге судьялар қараған істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерін ешкімнің талқылауға құқығы жоқ.

Азаматтық және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысты сұрақтармен қатар, азаматтар «Сот кабинеті» электронды қызметтің жұмысына қатысты сауалдарын қойып, сот процестерін үйде онлайн режимінде қарауға ниеттерін білдірді.

Сот төрағасы «100 нақты қадам» - Ұлт Жоспары аясындағы сот реформалары жайлы баяндап, қолданыстағы заңнамаларды, оның ішінде бітімгершілік рәсімдерін қолдануды түсіндірді.

Іс-шара соңында жұмысты тиімді ұйымдастыру мақсатында төраға азаматтардың сауалдары мен ұсыныстарын ескерді.

 

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі