Қостанай облысының судьялар заңнамадағы жаңашылдықтар мен түзетулерді талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында және Қостанай қалалық сотында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық,  банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңындағы негізгі өзгерістер тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел отырысына облыс судьялары, «Қостанай қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімі» ММ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Жетісу» банкроттық рәсімін кәсіби басқарушылар одағы» РҚҚ филиалының, Мемлекеттік кірістер департаментінің, прокуратура және банк қызметкерлері мен өңірлік жеке сот орындаушылары палатасы өкілдері қатысты.

Шара модераторлары болған облыстық сот судьялары Сергей Нуров пен Жанар Жайлебаева Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында заңның маңыздылығын атап өтті. Заңға енгізілген өзгерістер жеке меншікті қорғау мәселелеріне, салықтық-бюджеттік саясат тиімділігіне, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, т.б. қатысты болып отыр.

Заңдағы өзгерістер азаматтық кодекс новеллаларын да айналып өткен жоқ. Өзгеріске сай, даулы мәміле немесі оны жарамсыз деп тану тұрғысында айтқан мамандар жаңа редакция бойынша мәмілені жарамсыз деп тануға кінәлі тараптың қандай салдарға тап болатындығын талқылады.  

Жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне қатысты бірқатар жайттар айтылды. Заңдағы өзгерістермен танысып шыққан мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері ең бастысы өзгерістер тұрғындарға қалай әсер ететіндігін  назарға ала отырып, заңды жан-жақты зерделеді.

Азаматтық процестік кодекстегі бірқатар өзгерістер де қызу талқыға түсті. Жаңа редакцияға сәйкес, бұдан былай іс бойынша жауапкер арызды алғаннан кейінгі 10 жұмыс күні ішінде тиісті құжаттарды ұсынып шағымды кейін қайтарып ала алады. Бұл үшін ұысынылған құжаттар шағымда көрсетілген мән-жайларды жоққа шығару тиіс. Ал судья үш жұмыс күні ішінде талапкерге және істе қатысушы өзге де тұлғаларға шағымды жоққа шығару хаты мен қосымша құжаттар көшірмесін ұсынады немесе жолдайды.

Қостанай облыстық сотының судьялары Лариса Пашкевич пен Қарлығаш Исмағұлова өз баяндамаларында Азаматтық және Азаматтық процестік кодекстегі және де банктік заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды.

Қостанай қалалық сотының судьясы Рыскүл Бегежанова банк тарапынан есепшот картасын құрсаулау әрекетіне жеке тұлғалардың шағымы бойынша мәселелерді тарқатты. Сонымен қатар, мүлікті өндіру бойынша өтініштер мәселелері талқыланды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар шағым бойынша бірінші сот тыңдауы оны қарауға дайындап болғаннан кейінгі он жұмыс күніне аспай басталуы керектігін айтты.

Заңдағы өзгерістерді талқылау барысында  шараға қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауы талаптары аясында істердің уақытылы қаралуы басты шарт екендігіне назар аударды.

 

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі