Қостанай облысының тұрғыны жұмысқа қайта орналастырылып, 352 мың теңге көлемінде мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін еңбекақы өндірді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облысындағы Лисаков қаласының тұрғыны Б. «Лисаков қалалық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-не қарасты «Мәдениет және спорт орталығы» МКК-не жұмысқа қайта орналастыру және  мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін өтемақы өндіру туралы шағымымен сотқа жүгінген.

Шағым иесінің мәлімдеуінше, 2013 жылдың 31 қаңтарынан ол аталған кәсіпорынға музыкалық жетекші ретінде 47 мың теңге еңбекақыға, аптасына бес күндік жұмыс кестесімен жұмысқа қабылданған.

Ағымдағы жылдың 25 қаңтарында МКК директорының міндетін атқарушы Еңбек кодексінің 52-бабы 2-бөлігі негізінде, оны қосымша басқа жерде еңбек ететіндіктен жұмыстан шығарып жіберген. Азамат Б. балалар және жасөспірімдер шығармашылығы үйінде күніне екі сағат жұмыс істеген. Дегенмен, ол қосымша жұмысты негізгі жұмыс орнында сегіз сағаттық жұмыс уақытын өтегеннен соң атқарған.

Өзінің жұмыстан шығарылуын заңсыз деп санаған Б. соттан жұмысқа қайта орналастыруды және 2017 жылдың қаңтарынан бүгінгі күнге дейін   мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін еңбекақы өндіуді сұраған.

Сот отырысы барысында шағымданушы өз талабын толығымен қолдайтындығын және де қаладағы балалар және жасөспірімдер шығармашылығы үйінде күніне екі сағат еңбек еткенін айтты.

Істі қарау нәтижесінде сот азамат Б-ның шағымын қанағаттандырып,  «Лисаков қалалық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-не қарасты «Мәдениет және спорт орталығы» МКК-нің Б-ны жұмыстан шығару туралы бұйрығы жойылды. Талапкер бұрынғы жұмыс орнына қайта орналастырылып, 352 мың теңге көлемінде еңбекақысы өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. 

 

 

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі