Сот кәмелетке толмаған балаға қатысты ата-ана құқығын шектеудің күшін жойды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Арқалық қалалық сотының шешімімен 2012 жылы Арқалық қаласының білім бөлімінің талабы бойынша азаматша К.-нің кәмелетке толмаған 2011 жылы туған қызы Ж.-ға қатысты ата-ана құқығы шектетілген. Сол кезде ол бала тәрбиесімен айналыспаған, ұзақ уақыт бей-берекет өмір сүрген, ешқайда жұмыс істемей, ішімдік ішкен. Сонымен қатар, 2005  жылдан  наркологиялық диспансерде есепте тұрған, тұрғылықты жері бойынша теріс сипатталып,  бала үшін тұрмыстық жағдайы болмаған.

2014 жылғы ақпанда азаматша К. Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына кәмелетке толмаған 2011 жылы туған қызы Ж.-ға қатысты ата-ана құқығын шектеудің күшін жою талабымен жүгінген. Өз талабында өмір сүру жағдайын түгелдей өзгерткенін, баланы бағу үшін тиісті жағдайы барын, тұрақты түрде наркологқа баратынын баяндаған. Жұмыс орнынан оң сипатталып, тұрақты табыс көзі барын, 60 000 теңге көлемінде ішінара алимент бойынша берешегін өтегенін де жазған.

Сот отырысы барысында азаматша К. жақсы жағына өзгергені, өз жүріс-тұрысының құқыққа қайшы екенін сезгені, ішімдік ішпейтіні, жұмысқа тұрғаны, ол жерден оң сипатталатыны, баласын тәрбиелеуде өзінің үлкен ниеті бары белгілі болды. Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаматша К. талабын қанағаттандырды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.