Заң үстемдігі - халық игілігі үшін «Қостанай таңы» газеті 04.08.2015 жыл

Версия для печатиВерсия для печати

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың белгілеп берген Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам құжаты бүгінде ел өмірінің барлық саласын қамтып, алға үлкен міндеттер қойып отыр. Аталған құжаттың Заң үстемдігін қамтамасыз ету бөлімінде 19 қадам еліміздің құқықтық жүйесінің дамуына арналған. Ал оны тиісті жүзеге асыру сот жүйесінің еншісінде. Осы негізде Заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін істелген және алда жоспарланған келелі істер жайлы Қостанай облыстық сотының төрағасы Ғалымжан Мырзаке әңгімелейді.

 

  • Бүгінде қарапайым қоғам өкілдері арасында осы жылдар ішінде сот

жүйесіне қатысты бірнеше реформа жүзеге асты. Бұл қаншалықты қоғамға қажет деген сауал туындап отырғаны шындық. Дегенмен, өмір бір орында тұрмайды. Жылдар өткен сайын, халықтың әл-әуқаты артып, өмір сарыны өзгерген сайын сотта қаралатын істер санаты да, судьяға қойылатын талап та жылдан жылға күшейіп отыр. Осы негізде Тәуелдіздікке ие болған жылдар ішінде сот жүйесі үлкен өзгерістерге ұшырап, халықаралық оң тәжірбиелерді бойына сіңіріп келеді. Бұрын қарапайым халықтың мемлекеттік органмен соттасуын ойламаған едік, бизнес саласындағы дауларлар, кедендік, экономикалық, салық мәселесі бойынша сот істері болмаған еді.  Бүгінде халық кез келген мәселесін сот арқылы шешуді жөн көреді. Сондықтан да сот саласының үнемі тұрақты дамуы заман талабы деп түсінеміз.

          Елбасы белгілеп берген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы Заң үстемдігін қамтамасыз ету жаңа реформасына сот сотыларын оңтайландыру қаралған. Оған сәйкес, облыстық соттарда тек апелляциялық сатылар ғана қалады, ал кассациялық саты Жоғарғы Соттың құзырына енеді. Апелляциялық сатыда істер алқаларда қаралатын болады, ал жалғыз судьяларда - жеңілдетілген өндірістегі тәртіппен қаралатын істер беріледі.

Реформа аясындағы екінші бір басты мәселе - кәсіби сот жүйесін дамыту.

 

Бұл ретте судьяларға кандидаттар үшін жас шектеулері 30 жасқа дейін ұлғайтылады, соның ішінде кандидаттың сот процесстеріне қатысуы бойынша 5 жылдық жұмыс өтілі міндетті түрде болуы талап етілмек. Сонымен қатар, кандидаттардың кәсіби дағдылары мен біліктілігін тексеру үшін ситуациялық тест жүйесі енгізіледі. Ал ол тесттен өткен кандидаттар бір жыл бойы стипендия ала отырып, соттарда өндірістік тәжірибеден өтеді. Бір жылдық тәжірибесі аяқталғаннан соң жас судьяларға тағы бір жыл сынақ мерзімі ретінде белгіленеді.

Соттарда жаңа келген жұмыс өтілі үш жылға дейінгі жас судьяларға көмекшілер институты енгізіледі, олар сот талқылауларына істерді дайындаумен, сот актілерінің жобаларын әзірлеумен айналысатын болады. Бұдан бөлек, ендігіде Әділсот институты Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының жанында қызмет ететін болады. Аталған институт тұрақты түрде судьялардың біліктілік талаптарын арттыруды қамтамасыз етеді. Судьялар бойынша қолданыстағы тәлімгерлік жүйесі жетілдіріледі, кепілгерлік институты енгізіледі.

Алдағы реформалар аясында соттардың есептілігі де күшейтіле түседі. Бұл ретте судья этикасына арналған жаңа кодекс әзірленбек, оның негізінде ҚР Жоғарғы Сотының жанынан құрылатын арнайы сот алқасына судьялардың әрекеттеріне шағымдану үшін заңды және жеке тұлғалардың құқықтары кеңейтіле түседі. Жалпы, Жоғарғы Сот жағында екі комиссия жұмыс істемек. Оның біріншісі судьялардың тәртіптік әрекеттерін, жауапкершіліктерін қарап, қадағалайтын болса, екіншісі - біліктілік талаптарына назар аударады. Оның аясында судьялардың кәсібіне жарамсыздығын тану, соттардың әрекеттеріне қатысты шағымдарды қарау мәселелері жатқызылады.

Сонымен қатар, барлық сот процесстерінде аудио-бейне жазбаларды енгізу жүргізілуде. Бұл ретте аталмыш жоспар орындалып бітті деп айтуға болады, өйткені, қазіргі таңда сот отырыстарының барлық залдары аудио-бейне жазбалар құрылғыларымен толық жабдықталды.

 

ҚР Жоғарғы Соты жанынан Халықаралық кеңес құру да заңдық негізде белгіленген. Бұл Халықаралық кеңес - жаңа консультативтік орган болып табылады. Ал шетелдік және отандық мамандар қатысатын сол Халықаралық кеңестің инвестициялық дауларды қараудағы консультациялары жалпылама ұсыным сипатында болады. Бұдан бөлек, Астана қаласында Дубай қаласының тәжірибесі негізіндегі Халықаралық төрелік орталығын құру жоспарланады. Осылайша, ҚР Жоғарғы Сотының жанынан шетелдік беделді судьялар мен сарапшыларды, заңгерлерді қатыстыра отырып құрылатын Халықаралық кеңес Қазақстанда озық әлем мойындаған стандарттардың қолданысқа енуіне ықпал етпек. Тұтастай алғанда Кеңес қазақстандық әділсот жүйесін жетілдіре түсуге қатысты мәселелер бойынша кеңестер береді.

Тағы бәр мәселе, реформа аясында азаматтық-құқықтық даулар бойынша соттарда сот үдерістерін жеңілдету және сот үдерісін жеделдету үшін прокурорлардың қатысуын қысқарту шаралары да қарастырылады. Бұл бағыттағы жаңа нормалар да Азаматтық процестік кодекске енгізілген

Түйіндей айтсақ, Мемлекет басшысы заңның үстемдігі, әділдік пен баршаның заң алдындағы теңдігі қағидаттарының сақталуы гүлденген мемлекеттің негізі және экономикалық өсудің кепілі болып табылатынын айтқан еді. Ендеше, алдағы реформаларды сауатты атқару Қазақстанның жан-жақты дамуына да септігін тигізетін болады.  

 

 

Ләззат Байғожина,

Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі