Жиі қойылатын сұрақтар

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Сайтқа кірушілердің назарына!

Құрметті сайт қонақтары, Нұр-Сұлтан қаласының соты жеке жағдайлар мен нақты істер бойынша, сондай-ақ шығарылған  сот ұйғарымдары жөнінде түсіндірме жасамайды, сондай-ақ заңнамаға түсінік бермейді.

Кез келген сұрақтар бойынша білікті заң көмегін заң консультациясына жүгіну арқылы алуға болады. 

Төменде ең жиі қойылатын сұрақтарға қатысты ақпарат беріледі.

Сот бұйрығы дегеніміз не?

Сот бұйрығы өндіріп алушының ақшалай сомаларды өндіріп алу немесе борышкерді және өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сотта істі қарамай-ақ, даусыз талаптар бойынша борышкерден мүлікті талап ету туралы арызы бойынша шығарылған судьяның актісі болып табылады. Сот бұйрығының мазмұны ҚР АІЖК-нің 146-бабымен белгіленеді. Сот бұйрығының атқарушылық құжат күші болады. Ол бойынша өндіріп алу бұйрық берілгеннен кейін және сот шешімдерін атқару үшін белгіленген тәртіпте жүргізіледі (ҚР АІЖК-нің 139-бабы).

Қандай жағдайларда сырттай шешім шығарылады?

Отырыстың өткізілетін орны мен уақыты тиісті түрде хабарланған, келмей қалуының дәлелді себептерін хабарламаған және істі өзі жоқта қарауды сұрамаған жауапкер сот отырысына келмей қалған жағдайда, іс бойынша сырттай шешім шығарылуы мүмкін. Сот істің қаралуы туралы ұйғарым шығарады (ҚР АІЖК-нің
24-тарауы)

Қылмыстық іс бойынша сот отырысының хаттамасымен қалай танысуға болады?

Басты сот талқылауының хаттамасына қол қойылғаннан кейiн тараптар, сондай-ақ басты сот талқылауында жауап алынған тұлғалар сот отырысының хаттамасымен танысу туралы тілек білдіруге құқылы. Тараптар,  сондай-ақ басты сот талқылауында жауап алынған тұлғалар басты сот талқылауының хаттамасына қол қойылғаннан кейін бес тәулiктiң iшiнде хаттамаға ескертпелер беруге құқылы. Аталған мерзiмді iс бойынша төрағалық етушi тараптардың өтiнiшi бойынша он тәулiкке дейiн ұзартуы мүмкін (ҚР ҚІЖК-нің 328-бабы).

Азаматтық іс бойынша сот отырысының хаттамасымен қалай танысуға болады?

Іске қатысушы адамдар, олардың өкілдері хаттамамен танысуға және оған қол қойылған күннен бастап бес күн ішінде ондағы жіберілген қателіктерді және толық еместігін көрсете отырып, хаттамаға жазбаша түрде ескертпелер беруге құқылы. Хаттамаға жасалған ескертпелер олардың берілген күнінен бастап бес күн ішінде қаралуға тиіс (ҚР АІЖК-нің 258-бабы).

Судьяға қарсылық білдіруге бола ма?

Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес, судьяға келесі негіздер бойынша қарсылық білдіруге болады:

1. Егер судья:

1) осы істі мұның алдындағы қарау кезінде куә, сарапшы, маман, аудармашы, өкіл, сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы, сот приставы ретінде қатысса;

2) іске қатысушы адамдардың немесе олардың өкілдерінің біреуінің туысы болса;

3) істің нәтижесіне жеке, тікелей немесе жанама түрде мүдделі не оның әділдігіне негізді күмән туғызатын өзге де мән-жайлар болса, ол істі қарауға қатыса алмайды және оған қарсылық білдірілуге тиіс.

2. Істі қарайтын соттың құрамына өзара туыс адамдар кіре алмайды (ҚР АІЖК-нің 40-бабы)

Қазақстан Республикасының қылмыстықіс жүргізу заңнамасында судьяға қарсылық төмендегі негіздер бойынша берілуі мүмкін.

1. Егер судья:

1) Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес қылмыстық істі соттай алуға жатқызылған судья болып табылмаса;

2) прокурордың шешіміне шағымды қарауға қатысқан болса;

3) аталған iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретiнде шақырылса не шақырылуы мүмкiн болса;

4) осы қылмыстық iс бойынша сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, айыпталушының заңды өкiлi, жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң немесе азаматтық жауапкердiң өкiлi ретiнде iс жүргiзуге қатысса;

5) жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң туысы, айыпталушының немесе оның заңды өкiлiнiң туысы, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы болса;

6) егер судья жеке, тiкелей немесе жанама осы iске мүдделi деп санауға негiз беретiн өзге де мән-жайлар болса, ол iстi қарауға қатыса алмайды (ҚР ҚІЖК-нің 90-бабы).

 

Кім соттың шешімінің, ұйғарымының, үкімі мен қаулысының көшірмелерін алуға құқылы?

 

Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында үкiмнің көшiрмесi сотталушыға немесе айыпталушыға, қорғаушы мен айыптаушыға, жәбірленушіге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкілдеріне бес тәулiктен кешiктiрмей табыс етілуі тиіс. Барлық жағдайларда сот қаулыларының көшірмелерін қайтадан беру тек мемлекеттік баж салығы төлеген жағдайда ғана мүмкін (ҚР ҚІЖК-нің 386-бабы).

Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес, іске қатысушы тараптар мен басқа адамдарға, сот отырысына келмегендерге түпкілікті нысандағы шешім шығарылған күннен бастап бес күннен кешіктірмей шешімнің көшірмелері жолданады немесе беріледі (ҚР АІЖК-нің 254-бабы).

Атқару парағының түпнұсқасын жоғалтқан жағдайда не істеу қажет?

Жоғалған атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы өтініш атқарылатын жеріндегі  сотқа беріледі. Өтініште: өтініш иесі нақ қандай іс жүргізуді қалпына келтіруді өтінетіні, мәні бойынша соттың шешім қабылдағаны немесе іс бойынша іс жүргізудің қысқартылғаны, онда өтініш иесінің іс жүргізуде қандай жағдайда болғаны, олардың орналасқан немесе тұратын жері, өтініш берушіге жоғалған іс жүргізудің мән-жайларынан ненің белгілі екені туралы, іс жүргізу құжаттары көшірмелерінің немесе ол туралы мәліметтердің жатқан жері, нақты қандай құжаттарды өтініш беруші қалпына келтіруді қажет деп есептейтіні, оларды қалпына келтіру қандай мақсат үшін қажет екені көрсетілуі тиіс. Өтінішке сақталып қалған және іске қатысты бар құжаттар немесе олардың көшірмелері тіркеледі. Жоғалған істі қалпына қалпына келтіру туралы өтініште мемлекеттік баж салығы төленбейді (ҚР АІЖК-нің IV тарауы).

Соттың шешімі қалай орындалады?

Сот шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылады, ол өндiрiп алушыға берiледi не оның жазбаша өтiнiшi бойынша сот оны аумағы бойынша атқарушылық iс жүргiзудiң тиiстi органына орындау үшiн жiбередi. (ҚР АІЖК-нің 236-бабы) Заңмен сот актілері және басқа да органдардың актілерінің орындалуы сот орындаушысына жүктелген.

Сот орындаушысының әрекетіне шағым жасау.

Атқарушылық құжатты орындау бойынша сот орындаушысының әрекетіне немесе осындай әрекеттерді жасаудан бас тартқан жағдайда өндіріп алушы немесе борышкер шағым беруі мүмкін. Шағым сот орындаушысының қызмет көрсететін учаскесінің аудандық сотына сот орындаушысының әрекет жасаған күннен бастап он күн ішінде аталған адамдарға жасаған әрекетінің орны мен уақыты туралы хабарламағаны туралы белгілі болған жағдайда шағым беріледі («Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 маусымдағы № 253-I Заңының 87-бабы)

Азаматтық іс бойынша дәлелдемелерді жинау міндеттері кімге жүктелген?

Әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс. Дәлелдемелерді тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар береді. Сот тараптарға және іске қатысушы басқа да тұлғаларға істі дұрыс шешу үшін қажетті қосымша дәлелдемелер табыс етуді құқылы. Тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді ұсыну қиындық келтірген жағдайда, сот олардың өтініші бойынша дәлелдемелерді сұратып алдыруға жәрдемдеседі  (ҚР АІЖК-нің 7 тарауы).

Сотта өзінің өкілі арқылы азаматтық істі жүргізуге бола ма?

Азаматтар өз істерін сотта өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы. Азаматтың іске өзінің қатысуы оның бұл іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды.
Сенімхатқа, заңдарға, сот шешімдеріне не әкімшілік актісіне негізделген істі сотта жүргізуге тиісінше ресімделген өкілеттігі бар әрекетке қабілетті кез келген адам сотта өкіл бола алады (ҚР АІЖК-нің 58-бабы).

Іс материалдарымен кім танысуға құқылы?

Іс материалдарымен  айыпталушының қорғаушысы, егер ол іске қатысса, сонымен бірге, жәбірленуші және оның өкілі, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және оның өкілдері танысуға құқылы. Танысу ҚР ҚІЖК-нің 275-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады (ҚР ҚІЖК-нің 274-бабы, ҚР АІЖК-нің 47-бабы).

Сот шығындары дегеніміз не?

Сот шығындары мемлекеттік баж бен іс жүргізуге байланысты шығындардан тұрады. Мемлекеттік бажды төлеудің тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгіленеді (ҚР АІЖК-нің 100-бабы) Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындарға:

1) куәгерлерге, сарапшыларға және мамандарға төленуге тиісті сомалар;

2) сол жерде қарау жүргізілуге байланысты шығындар;

3) заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығындар;

4) жауапкерді іздестіру жөніндегі шығындар;

5) іс бойынша жарияланымдар мен хабарландыруларға байланысты шығындар;

6) тараптарға хабарлау және оларды сотқа шақыру жөніндегі шығындар;

7) тараптар мен үшінші тұлғалардың жолақысы және олардың сотқа келуіне байланысты шеккен тұрғын жайды жалға алу жөніндегі шығындар;

8) өкілдердің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындар;

9) соттың шешімдерін, үкімдерін, ұйғарымдарын және қаулыларын орындауға байланысты шығындар;

10) сот қажет деп таныған өзге де шығындар жатады (ҚР АІЖК-нің 107-бабы).

Заңда талап қоюды қамтамасыз етудің қандай шаралары көзделген?

Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар:

1) жауапкерге тиесілі және оның өзінде немесе басқа адамдарда болатын мүлікке тыйым салу (банктің корреспонденттік шотындағы ақшаға және сауда-саттық ұйымдастырушылардың ашық сауда-саттық әдісімен сауда жүйелерінде жасасқан репо операциялары бойынша нысана болып табылатын мүлікке тыйым салуды қоспағанда).

2) жауапкерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу;

3) басқа адамдардың мүлікті жауапкерге беруіне немесе оған қатысты өзге де міндеттемелерді орындауына тыйым салу;

4) мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қойылған жағдайда мүлікті өткізуді тоқтата тұру;

5) мемлекеттік органның, ұйымның немесе лауазымды тұлғаның дауға салынатын актінің қолданылуын тоқтата тұру;

6) борышкер сот тәртібімен дауға салатын атқарушылық құжат бойынша өндіріп алуды тоқтата тұру болуы мүмкін. Қажет болған жағдайларда сот осы ҚР АІЖК-нің 158-бабында аталған мақсаттарға сай келетін талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шараларды қабылдауы мүмкін (ҚР АІЖК-нің 159-бабы).

Талап арыз беру. Азаматтық істердің сотта қаралуы

Азаматтық істер қандай соттарда қаралады?

            «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 59-бабының 8-тармағында және 66-бабының 3-тармағында, сондай-ақ «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 13-бабының 5-тармағында көзделген істерді қоспағанда, азаматтық істер аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттарда қаралып, шешіледі.

Облыстық және оған теңестіріліген соттарда:

- аудандық және оған теңестірілген соттардың шығарылған шешімдеріне апелляциялық шағымдар және наразылықтар келтіргенде;

- апелляциялық сатыдағы соттың шығарған қаулылары мен ұйғарымдарына кассациялық шағымдар мен наразылықтар келтіргенде,  азаматтық істер қаралады.

Жоғарғы Сот жергілікті және басқа да соттардың заңды күшіне енген сот актілеріне Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының өтініштері, наразылықтары бойынша қадағалау тәртібімен азаматтық істерді қарайды.

Талап арыз қандай соттарға беріледі?

Талап жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотта қойылады. Заңды тұлғаға талап заңды тұлға органының орналасқан жері бойынша қойылады

Талапкердің таңдауы бойынша соттың қарауына жатқызу қандай жағдайларда көзделген?

Тұрғылықты жері белгісіз не Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері жоқ жауапкерге талап оның мүлкі орналасқан жер бойынша немесе оның ең соңғы белгілі тұрған жері бойынша қойылуы мүмкін.

Заңды тұлғаға да талап оның мүлкі орналасқан жер бойынша қойылуы мүмкін.

Заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің қызметінен туындайтын талап та филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша қойылуы мүмкін.

Алименттер өндіріп алу туралы және әке болуды анықтау туралы талаптарды талапкер өзінің тұрғылықты жері бойынша да қоя алады.

Мертігуден немесе денсаулығының өзге де зақымдануынан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келген зиянды өтеу туралы талаптарды да талапкер өзінің тұрғылықты жері бойынша немесе зиян келтірілген жер бойынша қоя алады.

Орындалу орны көрсетілген шарттардан туындайтын талаптар да шарттың орындалатын жері бойынша қойылуы мүмкін.

Некені бұзу туралы талаптар талапкердің кәмелетке толмаған балалары тұратын немесе денсаулық жағдайы бойынша талапкердің жауапкер тұратын жерге баруы ол үшін қиындық келтіретін жағдайларда да оның тұрғылықты жері бойынша қойылуы мүмкін.

Жалақыны, зейнетақы және жәрдемақыны өндіріп алу туралы талаптар, сондай-ақ заңсыз соттаудан, қылмыстық жауапқа заңсыз тартудан, бұлтартпау шараларын заңсыз қолданудан не әкімшілік қамау түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолданудан азаматқа келтірілген зиянды өтеуге байланысты еңбек, зейнеткерлік және тұрєын үй құқықтарын қалпына келтіру туралы талаптар талапкердің тұратын жері бойынша қойылуы мүмкін. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыларға дау айту жөніндегі талаптар талапкердің тұрғылықты жері бойынша да қойылуы мүмкін.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талаптар талапкердің тұрғылықты жері не шарттың жасалу немесе орындалу жері бойынша қойылуы мүмкін.

Кемелердің соқтығысуынан келтірілген залалды өтеу туралы, сондай-ақ теңізде көмек көрсеткені және құтқарғаны үшін сыйақы алу туралы талаптар жауапкер тұрған немесе кеме тіркелген порттың орналасқан жері бойынша қойылуы мүмкін.

 

Ерекше соттылық қандай жағдайларда қарастырылады?

Жер учаскелеріне, үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, жерге тығыз байланысты басқа объектілерге (жылжымайтын мүлік) құқықтар туралы, мүлікті тыйым салудан босату туралы талаптар осы объектілер немесе тыйым салынған мүлік орналасқан жер бойынша қойылады.

Мұра қалдырушыға кредит берушілердің мұраны мұрагерлердің қабылдап алуына дейін қойылған талаптары мұраға қалдырылған мүлік немесе оның негізгі бөлігі орналасқан жердегі соттың соттауына жатады.

Тасымалдаушыларға жүктер, жолаушылар немесе теңдеме жүкті тасымалдау шарттарынан туындайтын талаптар көлік ұйымының тұрақты жұмыс істейтін органы орналасқан жер бойынша қойылады.

Бірнеше жауапкерлерге бағытталған талап арыздар қандай сотта қаралады?

Әр жерде тұратын немесе орналасқан бірнеше жауапкерге талап талапкердің таңдауымен жауапкердің біреуі тұратын немесе орналасқан жері бойынша қойылады.

Талап арыздың нысаны мен мазмұны қандай болу керек?

Талап арыз сотқа жазбаша нысанда беріледі.

Арызда:

1) арыз берілетін соттың атауы;

2) талапкердің атауы, оның тұрғылықты жері, тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер немесе, егер талапкер ұйым болса, оның тұрған жері, салық төлеушінің тіркеу нөмірі мен банк реквизиттері, сондай-ақ, егер арызды оның өкілі берсе, өкілдің атауы және мекенжайы.

3) жауапкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері және егер талапкерге оның тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, жұмыс орны және салық төлеушінің тіркеу нөмірі (егер сот бұйрығын шығару туралы арызда көрсетілген болса) белгілі болса немесе, егер жауапкер заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты орналасқан жері немесе, егер талапкер бұл деректер белгілі болса, Бірыңғай мемлекеттік тіркеуден салық төлеушінің тіркеу нөмірі және банк реквизиттері;

4) талапкердің құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін және оның талап қою талаптарын бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні;

5) талапкер өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар, және бұл мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;

6) егер талап қою бағалауға жатса, талап қоюдың бағасы;

7) арызға қоса тіркелетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.

Арызда дауды шешу үшін маңызы бар өзге де мәліметтер көрсетілуі, сондай-ақ талапкердің өтініші баяндалуы мүмкін.

Арызға талапкер немесе талап арызға қол қоюға және оны ұсынуға өкілеттігі болған кезде оның өкілі қол қояды.

Талап арызға қандай құжаттар тіркелу қажет?

1) жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың санына қарай талап арыздың көшірмесі;

2) мемлекеттік баж төлеуді растайын құжат;

3) өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат немесе өзге де құжат;

4) талапкер өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар, егер көшірмелер оларда бомаса, жауапкерлер мен үшінші тұлғалар үшін бұл құжаттардың көшірмелері;

5) оны дауға салған жағдайда нормативтік құқықтық актінің мәтіні;

6) талапкердің мерзімді кейінге қалдыру, ұзарту, сот шығындарын төлеуден босату немесе олардың мөлшерін азайту туралы, талап қоюды қамтамасыз ету, дәлелдемелерді талап ету туралы өтініші және, егер олар талап арызда жазылмаған болса, басқалар да қоса тіркеледі.