Жангелдин аудандық соты судьясы А.Қожақов "Сот жүйесінің дамуына барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз", "Порядок и право" газеті 06.08.2015ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Жуырда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының  кезекті XVI съезі өтті. Бұл жиынға еліміздің барлық түкпірлерінен келген съезд делегаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, атақты ғылым, өнер, әдебиет өкілдерімен қоса, Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен  «Нұр Отан» партиясының  XVI съезінде Президентіміз Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес халықтық реформаны атап өтті. Олар: Бірінші – Экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы, кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Екінші – Меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызмет үшін, келісімшарттық міндеттемелерді қорғау үшін жағдай жасайтын, түптеп келгенде экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Үшінші – Индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсім. Төртінші –  Болашағы біртұтас ұлт. Бесінші – Транспарентті және есеп беруші мемлекет.

          Президентіміз екінші халықтық реформасында - меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызмет үшін, келісімшарттық міндеттемелерді қорғау үшін жағдай жасайтын, түптеп келгенде экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету керектігін баса атап көрсетті. Елбасымыз сот жүйесінің жариялылығы, ашықтығына да аса мән беріп отыр. Осы реформасында Елбасы «бүгінде сот жүйесінің әлсіз буыны – судьялар корпусы арасындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жиі-жиі соқтырып жататын судьяларды іріктеу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігі. Судьялар корпорациямен меңіреу тұмшаланбауы тиіс және қоғамдық сыннан тыс болмауы керек. Ашықтық – судьялар қатарындағы жемқорлықтан емдейтін дәрі.» деп атап көрсетті.

          Сонымен қатар осы бағытта Президентіміз «Судьяларға қойылатын біліктілік талаптарын қатайту қажет. Судьялар корпусындағы орыннан үміткер кандидаттың нотариуста, полицияда немесе заңгерлік ЖОО-да емес, сот жүйесінде бес жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы тиіс. Кандидаттар негізгі жұмысынан босатылған негізде және бір жылдан кем емес мерзімде соттарда өтетін сот тағылымдамасы үшін шарт ретінде қатаң тестілік іріктеуден өтуі тиіс. Кез келген жоғары тұрған судья төменгі соттарда жұмыс істеп көруі керек. Сол сияқты қызметін жаңа бастаған судьялар үшін ұзақтығы бір жылдан кем емес сынақ мерзімін енгізу де маңызды, оны табысты өткеннен кейін олардың үздіктері судьялыққа сайланады.» деп айтты.

          Елбасымыздың осы жиында сот жүйесіне қатысты айтылған бұл сөздерінен сот жүйесінің әділдігі мен ашықтығына, судьялыққа үміткер кандидаттарды таңдауда біліктілік талаптарының күшейтілуі арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға аса мән беріп отырғандығын көреміз. Яғни бұл сот жүйесінің жұмысы барынша ашық болуы, БАҚ-мен өзара әрекеттестік жұмыстарын одан әрі арттыру мен тығыз байланыс орнату, осы арқылы халықтың сот билігіне деген деген сенімін арттыру,  судьялық лауазымына тек өз ісінің даралары, барлық талаптардан өткен үздіктер ғана судья бола алады деген сөз.

 

          Бүгінгі күні «Қазақстан-2050» және «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдаулары бойынша да тапсырмалар жүзеге асырылуда. Осының нәтижесінде қазір тәуелсіз сот билігі нығайып келеді деп айтуымызға толық негіз бар. Осы маңызды құжаттарда Елбасымыз сот билігінің қызметін толық обьективті және бейтарап жүзеге асырылуына бағдар беріп отыр. Кешегі «Нұр Отан» партиясының  XVI съезінде Президентіміздің белгілеген реформалары «Қазақстан-2050» Стратегиясының туындысы іспеттес жалғасын тауып жатыр деп айтуға болады.   Осыған орай, соттарға қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, аудандық соттың өз қызметі туралы ақпаратқа халықтың қол жетімділігін ашықтығын қамтамасыз ету үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаралған істер бойынша жедел ақпараттық-құқықтық қамтамасыз ету, істерді қарау мерзімдерін қысқарту мәселелері үнемі бақылауға алынып отыр. Қазіргі таңда заңмен белгіленген тәртіпте жабық сот отырысында қаралатын істерді қоспағанда, барлық сот отырыстары ашық түрде жүргізілуде. Бүгінгі күні соттың шығарған актілері сот отырысының қатысушыларына қол жетімді. Ол үшін ҚР Жоғарғы Сотының ресми сайтында «Сот кабинеті», «Сот құжаттарымен танысу», «Электронды бақылау өндірісі» сияқты сервистер қызмет етеді.

          Сонымен қатар, аудандық сот тоқсан сайын БАҚ өкілдерінің қатысуымен «ашық есік» күндерін өткізіп, БАҚ-да қаралған істер бойынша ақпараттарды жария етіп отырады.  Оның сыртында сот ісін жүргізу тәртібінде қарауға жататын мәселелер бойынша сот төрағасы бекітілген кестеге сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауын жүргізеді.  Бұл іс шаралардың мақсаты – азаматтарды қабылдау арқылы халыққа заңнама нормаларына түсіндірме беру, сот жұмысын ұйымдастыруда алған кемшіліктерді анықтау және сот әділдігін жоғары деңгейде әрі сапалы іске асыру.  

          Құқықтық мемлекеттің маңызды белгілерінің бірі-сот қызметінің ашықтығы мен жариялығы. Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатуға ҚР Жоғарғы Соты, Қостанай облыстық сотыда аса мән беріп отыр.

          Сот жүйесінің жұмысына арналған жарияланымдардың сапасы, кәсіби деңгейі, ақпараттардың шынайы болуы қатаң бақылауға алынған. Соттың жұртшылықпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысты қамтамасыз ету жұмысы - сот қызметін бағалау өлшемдерінің бірі ретінде енгізілген.

          Елбасымыз осы жиында соттарға қатысты мәселені көтергенде тағы да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылдың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, жемқорлық – ұлттық қауіпсіздікке төнген жойқын қатер екендігіне қоғам назарын аудартты. Менің ойымша жемқорлықпен күрес – барша Қазақстандықтардың маңызды міндеті. Сот әділдігінің мінсіз жүйесі мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясатының шешуші құралы – құқық үстемдігін қамтамасыз етудің негізі болып табылады. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысқа барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.

         

 

А.Қожақов

Жангелдин аудандық сотының судьясы