Қостанай облыстық психиатриялық ауруханасының меңгерушісі 25 жылға, оның сыбайластары 15 жылдан 24 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қостанай облыстық психиатриялық ауруханасының 4-бөлімінің меңгерушісі Зәуреш Изалдинаға, Руслан Гафаровқа, Болат Китибаевқа және Виктор Кондатенкоға қатысты үлкен қоғамдық талқылауға түскен қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. 

Жиырма жеті томды құраған қылмыстық іс 4 адамға қатысты бірнеше эпизодтан тұрды.

Еске салар болсақ, 2017 жылы Қостанай облыстық психиатриялық ауруханасында АСПЭК төрайымы болып жұмыс істеген жәбірленуші Раушан Сандыбаева мен сотталушы Зәуреш Изалдина арасында қызметтік сала бойынша келіспеушілік туындаған. Жәбірленуші Изалдинаның қылмыстық әрекеттерге қатысы барлығын дәлелдейтін айғақтарды білген. Өзінің заңсыз әрекетінің әшкерленуінен қорыққан Изалдина Р.Сандыбаевадан құтылу жолын іздеген.

 Адам өлтіруге бағытталған жоспарын жүзеге асыруға сотталушы өзінің бұрынғы емделушілерін жалдап, оларға ақшалай сыйақы уәде еткен.

 Ал ол өзінің екі танысын іске араластырып, ағымдағы жылдың 20 ақпанынла таңертенгі сағат 08.10 шамасында Р.Сандыбаеваны өз пәтерінде соққыға жығып, бірнеше жерден пышақ сұққан. Оқиға нәтижесінде жәбірленуші сол жерде қаза тапты.

 Сот үкімімен айыпталушылардың барлығы айыпты деп танылып, Болат Китибаевқа 22 жыл бас бостандығынан айыру, Виктор Кодатенкоға 15 жылға бас бостандығынан айыру, Руслан Гафаровқа 24 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру, Зәуреш Изалдинаға  25 жыл бас бостандығынан айыру және 3 жыл мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Барлық сотталушыларға мүлкін тәркілеу қолданылып, жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтейтін болды. Ал З.Изалдина  қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтейді. 

Сонымен қатар, сотталушылардан жәбірленуші тарапқа 905 000 теңге материалдық, 3 млн. теңге моральдық залал өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Источник: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі