Сот көлік құралын басқару құқығын тоқтатты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2022 жылғы 21 шілдеде Қостанай қалалық жағажайында азамат М. әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау кезінде полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, өзінің құқыққа қайшы әрекеттерін тоқтату туралы полиция қызметкерлерінің ескертулеріне құлақ аспаған.

Осы факт бойынша Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 22 шілдедегі қаулысымен М. ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жазаға тартылды.

Сонымен қатар, сол күні М. ПД бақылау-өткізу бөлімшесінде және облыстық психикалық денсаулық орталығында бола тұра, өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде полицейлерге қатысты дөрекі балағат сөздер айтып, қорлық білдірген.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес М. есі дұрыс емес жағдайда қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті жасады деп табылды.                    

Қостанай қаласы №2 сотының 2022 жылғы 08 қыркүйектегі қаулысымен қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылып, М-ға қатысты тұрғылықты жеріне амбулаториялық мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалды.

Бұл жағдай Қостанай облысы полиция департаментінің М-ның көлік құралын басқару құқығын тоқтату туралы талап арызымен Қостанай қалалық сотына шағымдануына негіз болды.

Жауапкерге көлік жүргізуші куәлігі 2015 жылдың желтоқсанында берілген.

Жауапкерге қойылған диагноз кәсіптік қызметтің жекелеген түрлерін, атап айтқанда, көлік құралын, жоғары қауіптілік көзімен байланысты жұмыстарды жүзеге асыруға тыйым салатын медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесіне кіреді.

Осыған байланысты сот полиция департаментінің талабын қанағаттандырып, М-ныңи көлік құралын басқару құқығын тоқтатты.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Қостанай қалалық соты