"Заң" газеті 23.01.2014 БАҚ өкілдеріне есігіміз ашық

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

  2013 жылдың жұмысын қорытындылаған Қостанай облыстық соты БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді. Аталған шараға облыстық сот төрағасы Ғ.Мырзаке, азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Д.Шипп, судьялар әдебі комиссиясының төрағасы В.Шакун, Қостанай облыстық сотының кеңсе басшысы Н.Қатарбеков қатысты. Облыс соттарында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен тоқсан сайын мұндай кездесулер өткізу дәстүрге айналған.
Қостанай облыстық сотының төрағасы Ғ.Мырзаке статистикалық деректерді келтіріп, облыс соттарында өткен жылы сот төрелігін іске асыру қорытындысы туралы айтты. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда 2013 жылы сотқа азаматтардың талап арызбен көптеп жүгінгенін, бірінші саты соттарында бітімгершілік келісіммен аяқталған істер санының ұлғайғанын, сот хаттамаларының толықтығы мен сапасын қамтамасыз ететін сот процестерін электронды жазу кең қолданып жатқанын, азаматтық істер бойынша сот төрелігін іске асыру сапасы жақсарғанын және соттарда қылмыстық істердің қаралуы өскендігін атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде Мемлекет басшысының және Жоғарғы Сот төрағасының сот төрелігін сапалы және жедел іске асыру, судьялардың кәсіпқойлығын көтеру, кадр саясатын жетілдіру, азаматтардың қалың көпшілігіне сотқа деген қол жетімділігін қамтамасыз ету, судьялар әдебінің бұзылуына әрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруына күресті жалғастыру, сот жүйесі ішінде судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сот жүйесінің беделін көтеру мен бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекет жасау жөніндегі 2014 жылға мақсаттар мен міндеттері айтылды. Ол міндеттер табандылықпен, жоспарлы түрде шешілетінін, оны жүзеге асыру үшін Қостанай облысы судьяларының мүмкіндіктері мен күш-қуаты жетеді деді.
Кездесу барысында «Алау ТВ» ТРК тілшісі В.Луговской және «Юридическая газета» тілшісі А.Сергазинова, «Қазақстан-Қос­танай» телеарнасының тілшісі И.Барсақбаевалар сауалдар қойды. Жалпы, брифинг қалыпты әрі жылы жағдайда өтті. Қорытынды сөзінде Ғ.Мырзаке: «Сіздермен қызмет жасауға қуаныштымыз, бүгінгі таңда облыс соттарының есігі БАҚ өкілдері үшін әрдайым ашық», – деді.

Автор: Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі