Қостанай облысының сот қауымдастығы сот жүйесінің ардагерін мерейтойымен құттықтады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қостанай облысының сот қауымдастығы сот жүйесінің ардагері Серікбай Шаймерденұлы  Малтабаровты салтанатты түрде 75 жылдық мерейтойымен құттықтады. Облыстық сот төрағасы Асламбек Мерғалиев өз атымнан және ұжым атынан мерейтой иесін шын жүректен құттықтап, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасына амандық тіледі.

Абыройлы еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан мерейтой иесі бұл айтулы күнді аяулы жары, балалары мен немере-шөбелерінің ортасында қарсы алып отыр.

Серікбай Шаймерденұлы Қостанай облысының Таран ауданына қарасты Манатаз ауылында туған. Еңбек жолын қарапайым жұмыскерліктен бастап, Амангелді ауданының Бүйректал ауылында, кейін Таран ауданындағы «Знамя Советов» совхозында жүргізуші, түрлі жұмыскер болған. Адал еңбегімен елге абыройлы болған белсенді азамат Нелюбин ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланып, кейін  «Знамя Советов» ауылында прораб және партком хатшысы болып қызмет атқарды.

1981 жылы Киров атындағы ҚазМУ-ды тәмамдаған ол Таран аудандық сотының халық судьясы болып сайланған. Бұл қызметте тоғыз жыл еңбек етіп, кейін аталған аудандық сот төрағасының орынбасары, бұдан кейін сот төрағасы болып тағайындалған.

Облыстың Жітіқара аудандық сотында, Лисаков қалалық сотында сот төрелігін жүзеге асырған Серікбай Шаймерденұлы Қарабалық аудандық сотында да төрағалық етіп, туған өлкесі Таран ауданының сотында құрметті демалысқа шыққанға дейін төраға болды.

Судьялар Бақыткүл Қадырова мен Майра Ерғалиева Серікбай Малтабаровпен бірге жылдар жұмыс істеген әріптестері.

Бүгінде Қостанай қалалық сотының судьясы Бақыткүл Ысқаққызы: - Мен 1985 жылы мектепті бітіріп, сот отырысының хатшысы болып жұмысқа орналастым. Сол кезде менің еңбек кітапшама алғашқы жазбаны енгізген Серікбай Шайменденұлы еді,- деп еске алады.  Б.Қадырова мерейтой иесін өз ісіне нық, ұжымда үлкен құрметке ие болған білікті басшы ретінде біледі.

Қызметтік жолында науқастануына байланысты бір де демалыс алмаған ардагердің денсаулығы зейтекерлікке шыққан соң сыр бере бастаған. Алайда, белсенді  өмірлік ұстанымы бар ақсақал осы күнге дейін Таран аудандық заң кеңесі орталығының адвокаты болып еңбек етіп келеді.

Мерейтой иесі сот ұжымына өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, әріптестеріне абыроймен құрметті демалықа шығуға тілектестігін білдірді. 

          

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі