Қостанайда жергілікті әкімдіктің бұрынғы лауазымды қызметкерлеріне қатысты сот үкімі жарияланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қостанай қаласының №2 сотында  сыбайлас жемқорлық фактісіне қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығарылды. Сотталушылар - бұрын Қостанай қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ф.Арекелян, «Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің бұрынғы басшысы Ж.Шинкин және «СМУ-2010» ЖШС директоры А.Бобровный.  

Өткен жылдың 20 сәуірінде Қостанай қаласы  әкімінің орынбасары Ф.Аракелян мен Ж.Шинкин «Вектор» ЖШС-нің директоры С.Евстафьевтен Жаңа жыл қарсаңында мұз қалашығын тұрғызу бойынша конкурста жеңгені үшін 300 000 теңге көлемінде пара алған.

Сонымен қатар, Ж.Шинкин 2014 жылдың қараша айынан 2015 жылдың 3 маусымы аралығында А.Кискеев және А.Бобровныймен бірлесіп өздеріне сеніп тапсырылған 19 935 791,21 теңге көлеміндегі бюджет қаражатына қол салып, 13 774 144,17 теңгесін алған.

Өткен жылдың сәуір айында Ж.Шинкин «Таза Жол АТ» ЖШС атқарған жұмыстарын еш кедергісіз қабылдау және алағы уақытта қорғаншылық таныту үшін  аталған серіктестіктің  директоры Т.Айтеновадан 1 500 000 теңге пара алған.

Сондай-ақ, Шинкин заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан.  Ол 2014 жылдың қараша айынан өзінің қызметтік өкілеттілігін  жеке пайдасы үшін  пайдаланып, сенімді өкілі А.Бобровный арқылы «СМУ-2010» ЖШС-ні басқарып келген және де заңсыз жеңілдіктер жасап отырған. Ал ММ мемлекеттік сатып алу конкурстарын  өткізген кездерде материалдық пайда табу үшін серіктестікке қорғаншылық көрсетіп отырған.

2015 жылдың 22 мамырында «Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің конкурстық комиссиясы мүшелерін әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін Шинкин  «Қостанай облысыт қаржылық бақылау инспекциясының» бас бақылаушысына 100 000 теңге көлемінде пара берген.

Қылмыстық іс 17 томды құрады.  

 Қылмыстық істі қарау нәтижесінде сот айыпталушыларды кінәлі деп таныды. Сот үкімімен ҚР ҚК-нің 366 бабы 3 бөлігі 2 тармағы бойынша айыпты ден танылған бұрынғы әкім орынбасары Фрунзик Аракелянға жалпы тәртіптегі түзету колониясына 7 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот Арекеляннан заңсыз алған 300 000 теңге көлеміндегі қаражатты мемлекет пайдасына өндірді.

Сот Жеңіс Шинкинді ҚР ҚК-нің 24 бабы 3 бөлігі, 189 бабы 4 бөлігі 2 тармағы, 366 бабы 3 бөлігі 2,4 тармақтары, 367 бабы 2 бөлігі, 364 бабы 2 бөлігі бойынша айыпты деп танып, оған  жалпы тәртіптегі түзету колониясына 9 жылға бас бостандығынан айыру, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырып,  мүлкін тәркілеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ, Шинкиннен мемлекет пайдасына 1 500 000 теңге өндірілді.

Сот Александр Бобровныйды  ҚР ҚК-нің  24 бабы 3 бөлігі, 189 бабы  4 бөлігі  2 тармағымен қарастырылған қылмыстық істе айыпты деп тауып, оған  жалпы тәртіптегі түзету колониясына 7 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды. Бүгінгі күнге дейін үй қамақта болған Бобровный сот залында тұтқындалды.

Сондай-ақ, сот  «Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ пайдасына сотталушылар Ж.Шинкин мен А.Бобровныйдан келтірілген шығын өтеміне 10 млн. теңгеден астам қаражат өндірді.  

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Источник: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі