Спорт кешенінде оқ атқан пединститут студентіне қатысты сот үкімі шықты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қостанай қалалық №2 сотына ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлігі, 287-бабы 2-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша айыпталған Қостанай педагогикалық институтының студенті, 1997 жылы туған Данабек Смайловқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығарылды.

Іс материалдары бойынша, Смайлов 2016 жылдың қараша айында Қостанайдағы Бородина көшесінің бойында «ОСА» маркалық травматикалық тапаншасын тауып алған. Тапаншада пайдаланылмаған 4 оқ болған. Өз әрекетінің қоғамдық қауіпті екенін біле тұра Смайлов қаруды заңсыз иемденіп, тасымалдап Рабочая көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің электр қалқанында сақтаған.

Ағымдағы жылдың 13 қаңтарында спорт кешеніне бокс жаттығуына келген студент  жәбірленуші Ш. арасында келіспеушілік туындап, арты төбелеске ұласады. Спорт кешеніндегі өзге тұлғалар оларды арашалап, әр қайсы өз үйіне тарқасқан.

Ал 16 қаңтарда сағат 17.30 шамасында спорт кешеніне келген Смайлов тапаншаны ала келген. Бұл уақытта Ш. залда болған он бес шақты өзге спортшылар арасында жаттығу жасап жүрген. Өзінің арам ойын жүзеге асырмақ болған ол 2 метр қашықтықтан Ш-ның сол жақ кеуде тұсына және басына оқ атқан.

Нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келген.

Айыпталушы өз кінәсін толығымен мойындап, ол прокурормен кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімге келген.  

Сот үкімімен Д.Смайлов қылмыстық әрекетте айыпты деп танылып, оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жаза мерзіміне оған пробациялық бақылау бекітілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Источник: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі