Қостанай облысының судьялары 2017 жылдың 9 айындағы сот төрелігін жүзеге асыру сапасын қорытындылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қостанай облыстық сотында 2017 жылдың тоғыз айындағы сот төрелігін жүзеге асыруды  қорытындылау бойынша кеңейтілген жиналыс өтті.

Жиналыс жұмысын ашқан Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев облыс соттарында сот төрелігін жүзеге асыру барысындағы негізгі мәселелерге тоқталып өтті.

Облыстық соттың алқа төрағалары А.Шамшиев пен В.Долгих қаралып отырған аралықтағы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің сапасы туралы мәліметтерді келтірді.

Жиын барысында статистикалық көрсеткіштер айтылып, сот төрелігін жүзеге асыру барысында назар аударылуы керек тұстар талқыланды.

Сонымен, 2017 жылдың 9 айында облыс соттарына 4164 қылмыстық іс түсіп, барлығы 3 894 қылмыстық іс қаралған, 7 іс бойынша алқабилердің қатысуымен үкім шығарылған. Жыл басынан 50 адамға қатысты ақтау үкімдері шығарылған.

Іс-шара барысында жеке шағымдарды қабылдау және қарау бойынша көрсеткіштің артқаны айтылды. Бұл тұрғыда бітімгершілікке келтіру рәсімдерін кеңінен қолданудың нәтижесінде облыста 1996 іс тоқтатылған, оның ішінде, тараптардың татуласуымен 690 іс, медиатордың қатысуымен 502 іс қаралған.

Қылмыстық істер жөнініндегі сот алқасының төрағасы А.Шамшиев судьяларды сот төрелігін жүзеге асырудың сапасына, жаза тағайындауда ортақ құқықтық тәжірибені басшылыққа алуына және қылмысты дұрыс саралуға көңіл бөлуге шақырды.

Азаматтық істерге келетін болсақ, осы мерзімде облыс соттарының қарауында 47329 азаматтық іс болып, оның ішінде 6362 іс оңайлатылған сот ісін жүргізу тәртібінде қаралған. Шешім шығарумен 16720 іс, сот бұйрығын шығарумен 25590 іс аяқталған.

Бұрынғыша, сот дауын шешуде медиативтік рәсімдерді қолдану бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Жыл басынан бітімгершілік келісіммен 293 іс, медиация тәртібімен 1397 іс, партисипативтік келісіммен 18 іс аяқталған.

Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы В.Долгих бүгінгі күні онлайн режимде тәулік бойы өзекті сот ақпаратын жинау мен талдауға мүмкіндік беретін соттар қызметіне мониторинг жүргізудің бірыңғай жүйесі Ахуалдық орталықтың жұмыс істейтініне тоқталды. Осыған орай, В.Долгих сот төрағаларына сот отырыстарында дыбыс-бейне жазбасының дұрыс жұмыс істеуін  үнемі бақылауда ұстауы керектігін ескертті.

Есептік мерзім ішінде облыс соттарына 17 600 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс түсіп, қаулы шығарумен 16778 іс қаралған.

Облыс соттарының материалдық-техникалық жабдықталуы туралы Соттар әкімшісінің басшысы Әбдіжәми Құлдүйсенов баяндады. Бүгінде облыстағы барлық судьялардың жеке жұмыс компьютеріне «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйе орналастырылған және ол онлайн режимінде жаңарып отырады. Сонымен қатар, «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы «Талдау» формасына судьялардың қолжетімділігі қамтамасыз етілген.

Жиналысты қорытындылаған А.Мерғалиев облыс соттарының жұмысындағы басымды тұстарға тоқталып,  әріптестеріне заңдылықты сақтауда және күнделікті жұмыста қабылданатын шешімдердің негізді болуына қатысты  талаптар қойды.

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі