Қостанайда университет ғимаратында медиация кабинетінің салтанатты ашылуы өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Академик З.Алдамжаров атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетімен өзара іс-қимыл жөнінде бекітілген меморандум аясында Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев аталған оқу орнында салтанатты түрде медиация кабинетінің ашылуы рәсіміне қатысты.

Медиация кабинетінің ашылу салтанатына ЖОО ректоры Қадырғали Жаманбалин, ректор кеңесшісі және отставкадағы судья Вячеслав Мельников, оқытушы-профессорлар қауымы, «Қостанай облысы Медиаторлары ассоциациясы» қоғамдық қорының президенті Сергей Богатырев, «Қостанай облысының медиация орталығы» ЖМ директоры Құралай Ахмединова, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар мен журналистер қатысты.

Халық арасында медиацияны насихаттаудың маңыздылығына тоқталған А.Мерғалиев, облыс тұрғындары арасында бітімгершілік шараларын қолданылу үрдісі артып келе жатқандығын атап өтіп, статистикалық мәліметтерді келтірді. Өңір судьялары 2016 жылы бітімгершілік шараларын қолдану арқылы 923 қылмыстық, 1902 азаматтық және 893 әкімшілік істі аяқталған.

Ағымдағы жылғы бес ай ішінде медиация тәртібімен 514 қылмыстық іс, 890 азаматтық және 524 әкімшілік іс аяқталды.

Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің атсалысуымен бүгінде облыс бойынша 43 медиация кабинеті ашылып, жұмыс істеп тұр.

Тұрғындар үшін медиацияның тиімді тұстарын баяндаған Асламбек Амангелдіұлы, ең бастысы қоғамдағы даулы жайттарды азайтуға әсер ететінін және де бітімгершілікке келген жағдайда тараптарға мемлекеттік баж салығы қайтарылатынын айтты.

Іс-шараға қатысушылар медиацияны қолданудағы мәселелі тұстарға да тоқталды. Мәселен, бірқатар кәсіби медиаторлар өз ісінен бас тартқан. Себебі, табыс мөлшері тым төмен, ал салықты тұрақты төлеп тұру керек.

- Медиация азаматтық қоғамда белсенділікті талап етеді, сондықтан Қазақстанға әлі де уақыт керек, - деді «Қостанай облысы Медиаторлары ассоциациясы» қоғамдық қорының президенті Сергей Богатырев.

Ректор Қ.Жаманбалин: - Университетте ашылған медиация кабинеті жергілікті тұрғындарға көмек көрсетумен қатар, жоғарғы оқу орнының оқу бағдарламасында көмекші рөл атқарады. Сонымен қатар, отбасы бар студенттер мен оқытушылар отбасында туындаған келіспеушіліктерді реттеуге ықпал ететін болады,- деді.        

Медиация кабинеті жұмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етілген.

Іс-шара соңында сот төрағасы университет басшылығына алғысын білдіріп, медиативтік келісімге келуге ниетті шағын аудан тұрғындары үшін ыңғайлы екендігін атап өтті.

Источник: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі