Жеңіл дәрежедегі дене жарақатын келтіру

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қамысты аудандық сотында ҚР ӘҚБтК-нің 79-3 бабы 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасауда азамат Б.-ға қатысты екі әкімшілік іс қаралды.

Қамысты ауданы, Қамысты ауылында 2014 жылғы 2 наурызда сағат 17 шамасында азамат Б. бұрынғы әйелі мен ұлына жеңіл дене жарақатын келтірген.

Сот отырысында азамат Б. өз кінәсін мойындамай, жалғыз пәтердің меншік иесі, жәбірленушілер (бұрынғы әйелі мен кәмелетке толған ұлы) заңсыз басып кіріп, үйінде ойран салып,  60 000 теңге сомасына мүліктік зиян келтірді деп санайды. Ешкімге дене жарақатын келтірмедім, керісінше оған дене зақымы келтірілді деуде. Аталған үйде ол өзінің үш адамнан тұратын екінші отбасысымен тұрады және өз үйі мен отбасын қорғауға мәжбүр болғанын айтқан.

Құқық бұзушының жауабын бірге тұратын азаматша Б. қолдады.

Жәбірленушілердің сот отырысында түсіндіргені, 2014 жылғы 2 наурызда сағат 17 шамасында сот шешімі бойынша олар да үйдің меншік иелері, осы үйдің 2/3 бөлігі тиесілі болғандықтан үйде тұру келісіміне келу немесе мәселені ерікті түрде шешу үшін құқық бұзушы бірге тұрып жатқан әйелі және оның балаларымен тұратын үйге келген. Алайда, құқық бұзушы үзілді-кесілді келісімге келуден бас тартып, мүлікті пайдалануға кедергі жасап, дөрекі сөздер айтқан. Содан соң полиция қызметкерлерін және құқық бұзушы тарапынан арандатушылық болмау үшін таныстарын  шақырған.

Заңды күшіне енген сот шешіміне сәйкес құқық бұзушы мен жәбірленушілер пәтердің меншік иелері болып саналады және пәтерге әр қайсысының 1/3 тең  үлестері бар.

Бірақ та, ұзақ уақыт құқық бұзушы сот шешімін елемей, оларға заңды мүлікті пайдалануға кедергі жасауда, сонымен қоса ешкімге бағынбай, үй қақпасын жауып, оларды кіргізбеуде.

Осы қақтығыстың нәтижесінде, сарапшы қорытындысына сәйкес жәбірленушілерге жеңіл дене жарақаты келтірілген.

Сот екі іс бойынша азамат Б.-ны кінәлі деп танып, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға және 15 тәулікке қамау түріндегі  жазаға тартты.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.